Қазақ тіліндегі алғашқы кітаптар: ағартушылықтың бастауы

_gluster_2026_4_14_003849f945ebf545d004d78ade86ca65_1280x720.png

23 сәуірде Қазақстанда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен бекітілген Ұлттық кітап күні атап өтіледі. Айтулы күн қарсаңында қазақ тілінде жарық көрген алғашқы еңбектердің мәні айрықша арта түседі.


ҚР Ұлттық кітапханасының сирек кітаптар мен қолжазбалар қорында ұлт руханиятының құнды қазынасы сақталған. Бұл қорда ұлт ағартушылығының бастауында тұрған бірегей еңбектер жинақталған. Соның ішінде 1879 жылы жарық көрген Ыбырай Алтынсариннің «Қазақ хрестоматиясы» мен Мұхамедораз Нұрбайдың 1910 жылғы «Көргенді бала, үлгілі ана» хрестоматиялық жинағы ерекше орын алады.


Қорда халық ауыз әдебиетін ғылыми тұрғыда зерделеуге арналған еңбектер де кеңінен қамтылған. Солардың бірі – 1923 жылы жарық көрген «Ер Тарғын» жырының басылымы. Аталмыш еңбек ауыз әдебиеті үлгілерін жүйелеуге және ғылыми тұрғыдан саралауға маңызды үлес қосты.


Сонымен қатар қорда тарихи-генеалогиялық және естелік сипаттағы еңбектер де молынан кездеседі. Әбілғазы Баһадүр ханның «Шежіре-и түрік» (1871 ж.) және Захир ад-дин Мұхаммед Бабырдың «Бабырнама» (1857 ж.) шығармалары түркі дүниесінің өткеніне терең үңілуге мүмкіндік беріп, тарихи сананың қалыптасуына және жазба мәдениетінің дамуына негіз болды.



ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі