Президент Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясын 80 жылдық мерейтойымен құттықтады
Еліміздегі музыка саласының мамандарын даярлайтын білім ордасы өз мерейтойын атап өтуде.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ұжымына құттықтау хат жолдады. Хатты Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева оқып берді.
«Бұл – еліміздің рухани өміріндегі мерейлі белес. Іргелі білім ордасы осы кезеңде төл мәдениетіміздің алтын діңгегіне айналды. Ұлттық музыкамыздың бірегей дәстүрі бар ұстаханасы ретінде танылды. Қазақтың ән-күй өнерін жаңа деңгейге көтеріп, оның ғылыми негізін қалыптастырды. Консерватория – дарынды жастарға классикалық музыканың қыр-сырын үйретіп, кәсіби музыканттар даярлайтын алғашқы жоғары оқу орны. Өркениетіміздің өрісін кеңейтіп, оны жер жүзіне танытқан көптеген майталман мамандарымыз осы қара шаңырақтан қанат қақты. Аға буын салған сара жолды кейінгі ұрпақ лайықты жалғастырып келеді. Олар еліміздің шығармашылық ұйымдарында табысты еңбек етіп жүр. Осы орайда, ұлттық өнерімізді жан-жақты дәріптеп, руханиятымызды дамытуға зор үлес қосқаны үшін консерватория ұжымына шынайы ризашылығымды білдіремін. Баршаңызға шығармашылық шабыт тілеймін! Жұмыстарыңыз жемісті болсын!» – делінген Президенттің хатында.
23 қараша мен 3 желтоқсан аралығында Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының 80 жылдығына арналған мерейтойлық марафон аясында концерттер, шеберлік сабақтар, шығармашылық кездесулер, халықаралық конференция, көрмелер және басқа да іс-шаралар өтті.
Салтанатты іс-шараға еліміздің мәдени қазынасына өлшеусіз үлес қосқан өнер майталмандары қатысты. Олардың қатарында Әлібек Дінішев, Жәмиля Баспақова, Роза Рымбаева, Үмітжан Жұмақова, Марьям Қожамқұлова, Алмас Алматов, Серік Еркімбеков, Карима Сахарбаева, Дүйсен Қасейінов, Алтынбек Қоразбаев және басқа да өнер қайраткерлері бар.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі