«Ашық алаң»: елордадағы базарда діни сауаттылықты арттыруға арналған акция өтті

592d968551a17240639c6dba62dc6b08_1280x720.jpeg

Республика күніне орай «Астаналық» базарда «Ашық алаң» көпшілікке арналған ақпараттық-түсіндіру акциясы өтті, деп хабарлайды елордалық әкімдіктің ресми сайты.


Аталған іс-шараны Астана қаласы әкімдігі Дін істері жөніндегі басқармасының қолдауымен Діндерді зерттеу орталығы ұйымдастырды.


Іс-шарада ұлттық құндылықтар дәріптеліп, видеороликтер көрсетіліп, «сұрақ-жауап» викторинасы өткізілді.


Сайыс жеңімпаздарына бағалы сыйлықтар табыс етілді.


Акция аясында елорда тұрғындарына деструктивті діни ағымдардың қауіптілігі туралы ескерту, тыйым салынған террористік және экстремистік ұйымдардың тізімі, дін саласындағы заңнама және т.б. қамтитын 3 мыңнан астам ақпараттық брошюралар үлестірілді.


Іс-шараның мақсаты – елорда тұрғындарын деструктивті діни ағымдар мен олардың қауіптілігі туралы хабардар ету, діни сауаттылықты арттыру және дін саласындағы заңнамамен таныстыру.


«Бұл акция мобильді түрде өтті. Елордамыздағы адам көп шоғырланатын базар аумақтарында, ойын-сауық алаңдарында өткізіп жүрміз. Бұған дейін пилоттық жоба ретінде «Аружан» сауда үйінде өткізілген болатын. Ол кезде 3 мыңға жуық қатысушыны қамтысақ, «Астаналық базарда» 3 мыңнан астам адамды қамтуды жоспарладық. Бағдарламаның ерекшелігі дін саласындағы мемлекеттік заңнамаларды халық арасында кеңінен насихаттау мақсатында арнайы бейнеролик көрсетіледі. Халықтың қызығушылығын ояту мақсатында Қазақстан Республикасының мемлекеттік гимні орындалып, дәстүрлі термелер мен әнші өнерпаздар өз өнерімен көрерменді сүйсінтті. Әрі қатысушылармен кері байланыс орнату үшін викториналық сұрақ-жауаптарды әзірледік. Оған діни ағымдарға, мемлекеттік заңнамаға, қазақтың тарихына, салт-дәстүріне байланысты тақырыптар кірді. Ал жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар ұсынылады», - деді Астана қаласы Діндерді зерттеу орталығының бөлім басшысы Нұрсұлтан Жаншин.


Ұйымдастырушының айтуынша, мұндай іс-шара елордадағы бірнеше ірі сауда, ойын-сауық орталықтарында жалғаспақ.