Астанада Жошы ұлысының 800 жылдығына арналған көрме ашылды
ҚР Қарулы күштерінің Әскери-тарихи музейінде Жошы ұлысының 800 жылдығына арналған «Алтын Орда (Жошы Ұлысы) кезеңінің тарихи-мәдени мұрасы» тақырыбында көрме болып өтті. Іс-шараны ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі мен «Ұлытау» ұлттық тарихи-мәдени және табиғи музей-қорығы ұйымдастырды.
Көрмеге Алтын Орда кезеңіне жататын кесенелердің безендендірілген кірпіштері, сол кезеңдегі тұлғалардың балауыз мүсіндері, Жошы хан кесенесінің құббасы, Сарайшық қаласынан табылған құмыралар мен ыдыс-аяқтар, ортағасырлық бірегей монеталар, сондай-ақ, тарихи қолжазбалардың көшірмелері, карталар мен картиналар, Жошы ұлысының тарихына қатысты кітаптар және т.б. құнды жәдігерлер қойылды.
Айта кетейік, қазіргі уақытта «Ұлытау» ұлттық тарихи-мәдени және табиғи музей-қорығының аумағында Алтын Орда дәуіріне жататын 10-нан аса тарихи ескерткіш сақталған.
Көрме 23 қарашаға дейін жалғасады.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі