Астанада Дина Нұрпейісованың 165 жылдығына арналған Х «Күй жәрмеңкесі» өтті

_gluster_2026_7_5_885ec4e2b2f9921b71a058e64ee74309_1280x720.jpeg

Елімізде бүгін Ұлттық домбыра күні кең көлемде атап өтіліп жатыр. Осыған орай елорданың «Күйшілер» аллеясында төл аспабымыздың мерекесі мен күй анасы Дина Нұрпейісованың 165 жылдығына арналған Х «Күй жәрмеңкесі» өтті, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.


Іс-шараны Астананың Алматы ауданының әкімдігі мен «Күй анасы» республикалық қоры ұйымдастырды.


«Күй жәрмеңкесін» «Күй анасы» республикалық қорының басшысы Төлеген Қуанышев пен осы қор жанынан құрылған ақсақалдар кеңесінің төрағасы, қоғам қайраткері, белгілі заңгер Ирак Елекеев ашып берді.


Олар Дина Нұрпейісованың қазақтың күй өнерінің дамуына қосқан өлшеусіз үлесіне тоқталды.


Іс-шара барысында күйші, мәдениет қайраткері, К.Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университетінің оқытушысы Бақытжан Дүйсенғазиев Дина Нұрпейісованың «Байжұма» күйін, күйші, мәдениет қайраткері Темреш Кереев Қазанғаптың «Құс қайтару» шығармасын, елордадағы Unigue child дарынды балалар өнер мектебінің ұстазы Мұқағали Рысқалиев пен осы мектеп тәрбиеленушілері халық күйі «Қарт Науаи» туындысын бебеулетті.


Көрермендердің арасындағы күй сайысын белгілі күйші, ұстаз, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Айтжан Тоқтаған бастаған қазылар алқасы бағалады. Бұл сайыста Құрманғазы мен Динаның, Қазанғаптың, Тәттімбет пен Сүгірдің, басқа да халық композиторларының шығармаларын орындау шеберлігі бағаланды. Жеңімпазға үкілі домбыра мен үздік өнер көрсеткендерге "Күй анасы" кітабы тапсырылды.