«Кәмелетке толмағандар арасындағы діни экстремизмнің алдын алу: Заманауи қауіптер мен қарсы іс-қимыл әдістері» тақырыбында оқыту семинары өтті

IMG_3938.JPG

2026 жылы 26 мамырда Астана қаласында «Заң және тәртіп» жобасы мен 1 – маусым Балаларды қорғау күні аясында «AQNIET» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен «QAMQOR-ASTANA» қоғамдық қоры және Астана қаласының Дін істері жөніндегі басқармасының қолдауымен Қазақстан Республикасы ІІМ Басқару академиясының базасында мемлекеттік қызметшілерге арналған «Кәмелетке толмағандар арасындағы діни экстремизмнің алдын алу: заманауи қауіптер мен қарсы іс-қимыл әдістері» тақырыбында оқыту семинары өтті.


Іс-шара кәмелетке толмағандарды деструктивті діни ағымдар мен экстремистік идеологияның ықпалына тарту тәуекелдерінің алдын алу бойынша профилактикалық жұмыстың тиімділігін арттыруға, сондай-ақ осы саладағы ведомствоаралық өзара іс-қимылды жетілдіруге бағытталды.


Семинар жұмысына ювеналдық полиция бөлімшелерінің, ІІМ экстремизмге қарсы іс-қимыл бөлімшелерінің қызметкерлері, Астана қаласы Білім басқармасы, Спорт және дене шынықтыру басқармасы, ақпараттық-түсіндіру тобы мүшелері, психолог-мамандар, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының өкілдері қатысты.


Іс-шара модераторы ретінде «AQNIET» ақпараттық-насихаттық оңалту орталығы» қоғамдық қоры директорының халықаралық және өзге де жобалар жөніндегі кеңесшісі Шауметов Алим Фазылжанұлы қатысты.


Семинар аясында психология ғылымдарының кандидаты Избасарова Сауле Ишановна "Жасөспірім кезеңіндегі тұлғаның қауіпсіз дамуын қамтамасыз етудің психологиялық шарттары" тақырыбында баяндама жасады. Баяндама барысында жасөспірім кезеңінің психологиялық ерекшеліктері, кәмелетке толмағандардың деструктивті ықпалға бейімділік факторлары, сондай-ақ радикалдану белгілерін ерте анықтау тетіктері қарастырылды.


Психология ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Жукешева Жанар Данагатовна экстремизмнің алдын алу және терроризм идеологиясына қарсы іс-қимылдың негізгі бағыттарымен таныстырды. Профилактикалық жұмыстың заманауи әдістеріне, ақпараттық-түсіндіру қызметіне, сондай-ақ тәуекел тобына жататын жасөспірімдермен өзара іс-қимыл ерекшеліктеріне ерекше назар аударылды.


Дінтанушы, әрі «AQNIET» қорының психологы Жанабергенова Жұлдыз Хабибуллақызы жасөспірімдер арасында экстремистік көңіл-күйдің қалыптасуына әсер ететін факторлар, оның ішінде аутодеструктивті мінез-құлық көріністері туралы баяндама жасады. Баяндама аясында кәмелетке толмағандарды психологиялық сүйемелдеу мен қиын өмірлік жағдайдағы жасөспірімдермен профилактикалық жұмыстың практикалық аспектілерін қарастырды.


Сонымен қатар семинар барысында радикалды діни идеологияның ықпалынан зардап шеккен тұлғаларды оңалту, әлеуметтік бейімдеу және дерадикализациялау мәселелері қарастырылды.


Семинардың соңында қатысушылар кәмелетке толмағандар арасындағы радикалдануды алдын алу, психологиялық диагностика әдістері, ведомствоаралық өзара іс-қимыл ерекшеліктері, сондай-ақ деструктивті идеология ықпалына бейім жасөспірімдерді анықтаудың практикалық тетіктері бойынша спикерлерге сұрақтар қойды.