Республика күніне орай «Туған елім – Қазақстаным» атты мегачеллендж басталды

IMG_0077.JPG

Республика күніне орай ұлттық патриоттық сезімді оятатын әндер бойынша қала мектептерінде «Туған елім – Қазақстаным» атты мегачеллендж басталды. Барлық білім беру ұйымдарының оқушылары рухты көтеретін патриоттық әндерді орындайды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.


Бұл ретте Астанадағы №50 «Қазғарыш» мектеп-лицейінде төрт жүз оқушы Ескендір Хасанғалиевтің «Атамекен» әнін орындады.


Мұндағы мақсат – жас ұрпақтың отансүйгіштік, ұлтжандылық, ел мен жерге деген құрметін арттыру.


Сондай-ақ мереке аясында бүгін білім беру ұйымдарында барлық сыныптар арасында «Республикам – мақтанышым» атты сынып сағаттары өтеді. Онда оқушылар танымал адамдармен кездеседі.


«Республика күні – біздің басты ұлттық мерекеміздің бірі. Бұл біз үшін айрықша мағынаға ие. Астана қаласы Білім басқармасы мереке аясында білім беру ұйымдарында ауқымды іс-шаралар ұйымдастыруды жоспарлап отыр. Басты мақсат – оқушылардың бойындағы отансүйгіштік, ұлтжандылық сезімдерін ояту», - деді Астана қаласы Білім басқармасының баспасөз хатшысы Аяжан Амантайқызы.


Баспасөз хатшысының айтуынша, аталған челлендж 24 қазанға дейін жалғасады және барлық мектептерді қамтиды.


Айта кетейік, 25 қазан күні елімізде Ұлттық мереке – Республика күні атап өтіледі. Осы айтулы күннің құрметіне Астанада 100-ден астам мәдени-бұқаралық, білім беру, спорттық және әлеуметтік іс-шара өткізіледі. Олардың арасында мерекелік концерттер, көрмелер, балаларға арналған көрнекті нысандар бойынша экскурсиялар, дөңгелек үстелдер, ұлттық спорт түрлері бойынша турнирлер және басқа да көптеген іс-шаралар бар.


https://www.gov.kz/memleket/entities/astana/press/news/details/868289?lang=kk