Дәстүрлі құндылықтар – діни фанатизмнен қорғанудың бір формасы

IMG_3336.JPG

Деструктивті діни ағымдар жеке тұлғаның да, тұтас қоғамның да негізгі іргесін құлатуды мақсат етіп, өз идеологиясын мемлекеттік институттарға да, мемлекет құраушы қазақ халқының ұлттық салт-дәстүрлеріне де қарсы қояды. Бұл жолда олар ұғымдарды бұрмалау мен орынсыз ярлык тағу әдістерін белсенді қолданады. Мәдениет пен дәстүрлі құндылықтарға «шабуылдардың» астарын түсіну үшін дінтанушы, ЖШС «Діндерді зерттеу орталығының» директорының орынбасары Нұрсұлтан Дихамбаевпен сұхбаттасқан едік.

- Радикалдар қолданатын «ұғымдарды ауыстыру» мен «ярлык тағу» дегеніміз не?

Ең алдымен, дәстүрден тыс және радикалды ұйымдардың идеологиясын талдау олардың ең алдымен мемлекет құраушы этносқа, қоғамдық құрылымға қауіп төндіріп отырғанын көрсетеді.

Қазақстан Республикасының заңнамасына жүгінсек, «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңның преамбуласында ханафи мазхабының ислам діні қазақ халқының мәдениеті мен рухани өмірін дамытудағы тарихи рөлі атап көрсетілген. Сондықтан ұлттық дәстүрлер мен исламдық діни тәжірибелердің өзара үйлесімі қазақ халқының мәдениетін қалыптастырады деуге болады.

Осы себепті радикалдар ұлттық дәстүрлерге әдейі және жүйелі түрде шабуыл жасайды, өйткені олар іргетасты шайқалтуды, рухани тіректі бұзуды көздейді. Мысалы, радикалды исламистік қозғалыстар: «намаз оқымайтын қазақ – кәпір», немесе «қазақтың салт-дәстүрі – жахилия» деген қарапайым, бірақ қауіпті тұжырымдарды таратады. Олар дәстүрді исламдағы «бидғат» деп танып, халықтың тарихи негізін жоққа шығаруға тырысады.

- Бұл әрекеттер дәстүрлі құндылықтарға қандай зиян тигізуі мүмкін?

Радикалдар исламды ұлттық болмыстан бөлуге, екеуін бір-біріне қарсы қоюға тырысады. Бұл – мемлекет құраушы қазақ этносының біртіндеп рухани эрозияға ұшырауына, ұлттық бірегейліктің бұзылуына алып келуі мүмкін.

Яғни, радикалдар қазақтың исламдық болмысын оның өзінен «суырып алуға» талпынып жатыр. Дәстүрден тыс ағымдардың негізгі қатері – этносқа және оның рухани мәдениетіне жасалатын идеологиялық шабуыл.

Нәтижесінде радикалдар «мұсылманға тән емес» деп санаған дәстүрлерден, киімдерден, әшекейлерден, мемлекеттік қызмет пен кәсіпорындардағы жұмыстан бас тартады. Мұның бәрін олар «жахилия», «бидғат» деп атайды. Осылайша адамды немесе топты қоғамнан оқшаулайды, ал исламдағы «уәлә мен бәрә» (достық және безіну) ұғымдарын өз мақсаттарына сай бұрмалап түсіндіреді. Олардың түсінігінде достық – тек өздері секілді «шын мұсылмандармен» ғана, ал өзгелер – «кәпір», «тағут». Осы жағдай радикал топтардың қоғамды бөлшектеуіне жағдай жасайды.

Бұл мемлекеттiлiктiң үш негізгі тірегінің — идеология, мәдениет және тарихтың — біреуін шайқалтуы мүмкін. Бір тіректің құлауы — мемлекеттің әлсіреуіне әкелетіні анық. Өкінішке қарай, дәстүрлі дінилікті беделсіз ету әрекеттерінің нәтижесінде қоғамда мемлекеттің менталитетіне, болмысына қауіп төндіретін адамдар пайда болды.

- Яғни, радикалдар ұлттық негізді бұзып, өз идеологиясын «қиратып, қайта салу» формасында іске асырғысы келе ме?

Иә, бұлай деуге негіз бар. Өйткені өзін «исламды тазартушы» санайтын фундаменталистер ақиқатты тек өздері біледі деп есептейді және өздерін «шынайы діннің сақтаушылары» ретінде көрсетеді.

Бұл арада мынандай қорытынды шығады: дінін, дәстүрін және мәдениетін жақсы білетін адам радикалды идеологияға қарсы тұра алатын иммунитетке ие. Қазақ халқы – тарих сынынан өткен исламды бізге аман жеткізген ардақты бабалардың ұрпағы. Ендеше біз сол дәстүрлі форманы сақтауымыз, оны келесі ұрпаққа жеткізуіміз және халқымызды ұлттық тәуелсіздікке, діни сана-сезімге төнген қауіптен қорғауымыз қажет.

Радикалдар ислам тарихын да, қазақтың дәстүрлі мәдениетін де дұрыс білмейді. Олар надандықтың кесірінен кез келген ұлттық дәстүрге қарсы шығады. Ал дәстүрлі қазақ мәдениетіндегі ислам құндылықтарын, ғасырлар сүзгісінен өткен мұсылмандық даналықты тани білмейді. Бұл мәселе тек ағарту арқылы шешіледі. Өкінішке қарай, радикалдардың дүниетанымы тым тар.

- Онда радикалдардың дәстүрлі құндылықтарға жасалған шабуылдары негізсіз дейсіз ғой?

Иә, дәл солай. Қазақ халқының мәдениетін терең зерттеген адамның исламмен және Пайғамбар сүннетімен байланысты сансыз көп сөздерді, әдет-ғұрыптарды, рәсімдерді табары анық. Қазақ мұрасын ислам постулаттарымен салыстырған алғашқы зерттеулердің өзі-ақ бұл екі жүйенің жүздеген, мыңдаған тұстарда тоғысатынын көрсетеді.

Мысалы, қазақ отбасында бала дүниеге келгенде «бауы берік болсын» деп айтады. Яғни «оның арқан-жібі мықты болсын» деген тілек. Бұл нәрестенің анасына байланып тұрған кіндігі кесілгеннен кейін оның Жаратушысына деген рухани «жібінің» мықты болуын тілеуден туған. Бұл Құрандағы мына аятқа үндес: «Дінде зорлық жоқ. Расында туралық, азғындықтан ажыратылды. Кім жауыздыққа қарсы келіп, Аллаһқа иман келтірсе, ол үзілмейтін берік арқанды ұстады. Аллаһ – Естуші, Білуші».