Астанада «Қазақстан Республикасының мемлекеттік егемендігі мен тәуелсіздігі: тарих, қазіргі заман және дамудың жаңа қырлары» атты конференция өтті

Астана қаласында Қазақстан Республикасының Президенттік орталығында «Қазақстан Республикасының мемлекеттік егемендігі мен тәуелсіздігі: тарих, қазіргі заман және дамудың жаңа қырлары» тақырыбында халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.
Іс-шараны ҚР Президенттік орталығы, Ғылым және жоғары білім министрлігі, Мемлекет тарихы институты және Жошы ұлысын зерделеу ғылыми институты бірлесіп ұйымдастырды.
Конференция жұмысына ҚР Парламентінің депутаттары, мемлекеттік органдардың өкілдері, отандық және халықаралық ғалымдар, қоғам және мемлекет қайраткерлері қатысты.
Конференцияның пленарлық бөлімінде Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек модератор болды. Конференция қатысушыларына құттықтау сөздерін Қазақстан Республикасының Парламенті Сенатының Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің төрағасы Нұртөре Жүсіп, Қазақстан Республикасының Парламенті Парламенті Мәжілісінің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің төрайымы Снежанна Имашева, БҰҰ-ның Қазақстандағы тұрақты үйлестірушісі Сарангоо Раднаарагча және АӨСШК Бас хатшысы, Елші Қайрат Сарыбай жеткізді. Сондай-ақ мемлекет және қоғам қайраткерлері Алтыншаш Жағанова мен Әлихан Байменов ел егемендігінің алғашқы жылдарындағы тарихи тәжірибелермен бөлісті.
Конференцияның екінші бөліміне Президенттік орталықтың директоры Бақытжан Темірболат модератор болды. Мемлекет тарихы институтының директоры, PhD Нұрбек Пұсырманов институт ұжымы дайындаған екі ғылыми монографияның тұсаукесерін өткізді.
Баяндамашылар қатарында Қазақстан Республикасының Парламенті Сенатының депутаты Нурия Ниязова, Қазақстан Республикасының Парламентінің Мәжіліс депутаты Еркін Әбіл, Ұлттық архив директоры Сәгила Нұрланова, София университетінің профессоры Татьяна Дронзина (Болгария), Белосток мемлекеттік университетінен Мария Жуковская (Польша), Парламентаризм институтының директоры Наталья Пан, Мемлекеттік басқару академиясының вице-ректоры Әлия Масалимова бар.
Қатысушылар өз баяндамаларында мемлекеттік егемендік пен тәуелсіздік идеяларының тарихи бастаулары мен эволюциясын пәнаралық тұрғыдан зерделеудің өзектілігін атап өтті. Мемлекеттік құрылым тәжірибесін жетілдіру, қоғамды демократияландыру және мәдени құндылықтарды жаңғырту бағыттары талқыланды.
Ғалымдар мен сарапшылар қазіргі саяси ахуал жағдайында жастар арасында «Заң мен тәртіп», «Тәуелсіздік пен Отаншылдық» қағидаттарын кешенді насихаттау қажеттігін ұсынды.
Конференция қорытындысы бойынша қатысушылар ғалымдарды жаңа мұрағаттық материалдарды ашуға және Республика күнінің тарихи мәні мен мазмұнын терең зерттеуге шақырды.
