«ALQA» радиосы өз жұмысын бастады

photo_5451967619834960341_y.jpg

2024 жылдың 4 маусымы – Қазақстан Республикасының Рәміздері күні елордада рухани-танымдық «ALQA» радиосының салтанатты ашылу рәсімі өтті. Құрылтайшысы Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен Дін істері жөніндегі басқармасы.

«ALQA» радиосының негізгі мақсаты – Қазақстанның зайырлы мемлекет екенін, мемлекет құрушы қазақ халқының төл дүниетанымы мен тұрмыс-салтын, салт-дәстүрін шынайы түрде насихаттау, отандық және шетелдік радиотыңдармандарға Қазақ елін бейбітсүйгіш мемлекет ретінде таныту, ел азаматтары мен елорда тұрғындарын ізгілік пен имандылыққа шақыру, қазақтың бай музыкалық мұрасы арқылы ұлтымыздың рухани кеңістігін сапалы дүниелермен қамту. «ALQA» интернет радиосы өзінің рухани-ағартушылық бағыттағы хабарларын тікелей эфир және таспа түрінде, аудио және кәсіби видео түсірілімдер арқылы таратады.

«Алқа» ұғымының тарихи негізі мен мағыналық сипаты айқын: Алаш зиялылары 1924 жылы «Алқа» деп аталатын әдеби ұйым құрған. Арада 100 жыл өткенде іргетасы қаланып, жұмысын бастаған радиомызды «ALQA» деп атауда арыстарымыздың арманын қайта жаңғырту идеясы жатыр.

Ертедегі қазақтар ұғымында «Алқа» атауы белгілі бір мәселені алқа-қотан отырып, мәжіліс құрып, кеңесіп шешу мағынасын білдірген (ҚҰЭ). Алқаның бір мағынасы мойынға тағатын жібек жіп, күміс шынжыр түрінде де келеді. «ALQA» радиосы саналы тыңдарманның мойнындағы алқасына айналғанын қалаймыз.

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Рәміздері күніне орайластырылған салтанатты шарада «ALQA» радиосының тұсауын Мемлекеттік Елтаңбаның авторы Жандарбек Мәлібекұлы, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Нұрлан Өнербай, алаштанушы ғалым Айгүл Ісмақова кесті. Астана қаласы Діндерді зерттеу орталығында өткен шараға мәслихат депутаты Қанат Естек, Дін істері жөніндегі басқарма басшысы Қайролла Көшқали, белгілі телерадио дикторы Зейін Әліпбек, Қазақстан Жазушылар одағы Астана қалалық филиалының директоры Дәулеткерей Кәпұлы, Әзірет Сұлтан мешітінің бас имамы Ерболат Жүсіпов, Л.Гумилев атындағы ЕҰУ Ғылыми орталығының басшысы Жабай Қалиев, театр және кино актері Әділ Ахметов, қолөнер шеберлері Асхат Бозымбай мен Гауһар Қанатбаева және БАҚ өкілдері қатысты.