Бірлік пен бейбітшілікке – 30 жыл: Қазақстан халқы Ассамблеясының тарихи белесі

660c06655474d852845720.jpeg

Биыл Қазақстан халқы Ассамблеясына – 30 жыл. Бұл – ел тарихындағы ерекше кезеңдер мен сындарлы сәттердің куәсі болған, халқымыздың бірлігі мен татулығының берік тұғырына айналған құрылымның мерейтойы.


Қазақстан Тәуелсіздік алған сәттен бастап алуан түрлі этностар мен ұлт өкілдері мекендеген көп этносты мемлекеттің ең басты мұраты – бірлік пен келісім екенінің айғағы. 1995 жылы 1 наурызда Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен құрылған Қазақстан халқы Ассамблеясы дәл осы мақсатты көздеп, халықтың өзара түсіністігі мен келісімінің жаңа институты ретінде дүниеге келді. Осы отыз жылдықта Ассамблея тек формалды кеңесші орган емес, шынайы қоғамдық күшке айналды. Оның бастамасымен елімізде жүздеген мәдени орталықтар, достық үйлері, этномәдени бірлестіктер құрылып, ұлттар мен ұлыстар арасындағы байланыс нығая түсті. Қазақ тілі мен мәдениетін дамытуға, тарихи әділеттілікті қалпына келтіруге, сондай-ақ жастар арасындағы достықты дәріптеуге бағытталған көптеген жобалар жүзеге асты.


Ассамблеяның жұмысы – бұл тек шаралар мен отырыстар емес. Бұл – ортақ тарихи жадыны жаңғырту, түрлі этностардың мәдени мұрасын сақтау, бір-бірін тануға және құрметтеуге үйрету арқылы мемлекетті нығайту жолындағы айрықша еңбек.


Қазақстан Республикасы зайырлы мемлекет. Бұл – әр азаматтың ар-ождан бостандығы мен діни сеніміне құрметпен қаралатынын білдіреді.


Зайырлы мемлекет ретінде Қазақстан діни төзімділік пен конфессияаралық келісімді басты құндылықтардың бірі деп есептейді. Осы ретте Қазақстан халқы Ассамблеясы – тек этносаралық ғана емес, дінаралық татулықтың да тірегі. Елімізде 18 конфессия мен 3 800-ден астам діни ұйым заң аясында еркін қызмет етіп келеді. Мемлекет діни алауыздық пен радикализмнің алдын алу үшін нақты саясат жүргізуде. Бұл бағытта Ассамблея – діни экстремизмге қарсы иммунитет қалыптастыратын маңызды алаң. Зайырлы қоғам – тек дінге бейтарап қарау емес. Бұл – адам құқықтарын, заң үстемдігін және білім мен ғылымның еркіндігін алдыңғы орынға қоятын ұстаным. Қазақстан халқы Ассамблеясы осы идеяларды қоғамға жеткізудің бірегей институты болып отыр.


Ассамблея мүшелері мен этномәдени бірлестіктер жастармен, студенттермен тұрақты түрде кездесулер өткізіп, экстремизм мен псевдодіни ағымдардың қаупі, отансүйгіштік пен тарихи жадының маңызы, зайырлы құндылықтар төңірегінде кең ауқымды түсіндіру жұмыстарын жүргізіп келеді.


Бұл – Қазақстанның болашағы үшін маңызды жұмыс. Себебі елдің тұрақтылығы мен қауіпсіздігі – тек экономикалық дамуға емес, қоғамдық келісім мен зайырлы сананың қалыптасуына да тікелей байланысты.


30 жыл – үлкен белес. Бұл – Қазақстан халқының кемел бірлігі мен даналығын паш ететін символ. Қазіргі таңда Ассамблея тек ішкі татулық кепілі ғана емес, әлемге үлгі боларлық қоғамдық келісім үлгісіне айналды. Қазақстан моделі Біріккен Ұлттар Ұйымы, ЕҚЫҰ секілді халықаралық ұйымдар тарапынан да жоғары бағалануда.


Осы мерейлі күнде Қазақстан халқы Ассамблеясының барлық мүшелерін, еліміздің әрбір азаматын ортақ бірлігіміздің нығаюына қосқан үлесі үшін шын жүректен құттықтаймыз. Бірлігіміз бекем, болашағымыз баянды болсын!