Қазақтың ұлттық киімдері: дәстүр мен заманауилықтың үйлесімі

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев IV Ұлттық құрылтайда сөйлеген сөзінде: "Бет-жүзді тұмшалайтын қара киім кигеннен гөрі, ұлттық нақыштағы киім киген әлдеқайда дұрыс" деп, ұлттық киімдерімізді дәріптеудің маңыздылығына назар аудартты. Шынында да, қазақ халқының ұлттық киімдері – ұлттың мәдени мұрасы, оның өзіндік болмысын көрсететін ерекше құндылық. Олар тек әсемдік үшін ғана емес, қазақтың салт-дәстүрін, дүниетанымын, әлеуметтік мәртебесін бейнелейді.
Қазақтың ұлттық киімдері табиғи материалдардан жасалған, бұл олардың адам денсаулығына зиянсыз әрі экологиялық таза болуын қамтамасыз етеді. Жүннен жасалған киімдер суықтан қорғайды, ал жұқа жібек пен мақтадан тігілген киімдер ыстық климатқа бейімделген. Киімнің әрбір элементінде белгілі бір мағына бар. Ою-өрнектер адамның жасын, әлеуметтік мәртебесін және рулық ерекшеліктерін білдірген. Мысалы, әйелдер киіміндегі гүлді өрнектер нәзіктікті бейнелесе, ерлердің шапанындағы геометриялық өрнектер батылдық пен айбындылықты білдіреді. Қазақтың ұлттық киімдері көшпелі өмір салтына ыңғайланып тігілген. Кең пішілген, еркін қозғалысты қамтамасыз ететін киім үлгілері адамға жайлылық сыйлайды. Ерлер мен әйелдер киімдері табиғатпен үйлесімділік табатындай, жайлылық пен әдемілікті ұштастырады. Балаларға арналған киімдер көбінесе қарапайым, ал үлкен кісілердің киімдері сәнді және салтанатты болған. Үлкендер үшін киімнің түсі қанық, әшекейлері мол болып келсе, жастар ашық түсті, жеңіл тігілген киімдер киген. Қымбат маталардан жасалған киімдер байлықтың және жоғары әлеуметтік мәртебенің белгісі болған. Билер, батырлар және ақсүйектер алтын жіппен көмкерілген, асыл тастармен безендірілген киімдер киген.
Қазіргі таңда ұлттық киімдер қайта жаңғырып, күнделікті өмірге еніп келеді. Заманауи дизайнерлер қазақтың дәстүрлі элементтерін пайдаланып, сән әлемінде ерекше үлгілер ұсынуда. Көптеген ресми шараларда, мерекелерде ұлттық нақыштағы киімдер кию дәстүрі қалыптасып келеді. Сонымен қатар, ұлттық киім үлгілері заманауи стильмен үйлесіп, этностильдегі киімдер жастар арасында да сұранысқа ие бола бастады.
Ұлттық нақыштағы киімдерді дәріптеу – тек дәстүрді сақтап қалу ғана емес, оны жаңа заман талабына сай бейімдеп, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу. Қазақтың ұлттық киімдерін кию – ұлттық рухты асқақтатып, мәдени мұрамызды әлемге танытудың маңызды жолдарының бірі. Президентіміздің ұлттық киімдерді дәріптеу жөніндегі үндеуі – ұлттық құндылықтарды сақтауға және оны әлемдік деңгейде насихаттауға бағытталған маңызды қадам.
Ұлттық киім – бұл сән ғана емес, бұл біздің тарихи тамырымыз бен мәдени болмысымыздың айнасы!
Гүлбиназ Абаева