Құрбан айт – құтты мереке!

800x450 (1).webp

Құрбан айт – мұсылман жұртшылығы үшін ерекше рухани маңызы бар мереке. Бұл күн – Аллаға шүкірлік білдіру, тақуалық пен құлшылықтың белгісі, сондай-ақ мұсылмандардың бауырмалдық пен бірлігін айшықтайтын қасиетті мейрам. Құрбан айтта құрбандық шалу – терең рухани, тарихи және шариғи негізі бар құлшылық.

Құрбандық шалу тарихы адамзат баласының алғашқы кезеңіне, яғни Адам ата мен Хауа анадан тараған балалары Абыл мен Қабылға дейін барып тіреледі. Адам ата балалары ер жетіп, қыздары бой жеткенде, Алланың бұйрығымен ұрпақ тарату мақсатында егіздердің сыңарларын бір-біріне қосу керек болады. Алайда Қабыл өз сыңарымен үйленуді қалайды. Ол Абылдың сыңарына қарағанда өзінің сыңарын көрікті санады. Бұл дау шешілмеген соң, Адам ата Алладан жол сұрайды. Сонда Алла Тағала екі ұлға құрбандық шалуды бұйырады. Қабыл өз еңбегімен еккен егінін, ал Абыл бағып жүрген малынан құрбандық шалады. Алла Тағала Абылдың шын ықыласпен, таза ниетпен шалынған малын қабыл етеді де, Қабылдың құрбандығын қабыл етпейді. Осылайша, алғаш рет Алла жолында құрбан шалу тарихы басталды. Бұл оқиға Құран Кәрімнің «Мәида» сүресінде баяндалған. Осы оқиғадан бастап Аллаға жақындау үшін мал шалудың маңызы артты. Бұл – шынайы ықыластың, бойсұнушылықтың, адал табыстан құрбандық етудің белгісі.

Құрбан айттың рухани негізі әрі ең маңызды оқиғасы – Ибраһим (ғ.с.) пайғамбардың оқиғасымен тығыз байланысты. Алла Тағала Ибраһим пайғамбарды сынау үшін оған сүйікті ұлы Исмайылды құрбандыққа шалуды бұйырады. Ибраһим (ғ.с.) еш шүбәсіз Алланың әміріне мойынсұнып, баласымен бірге бұл сынаққа дайын болады. Алайда Алла Тағала бұл ықыласты құлшылықты қабыл алып, Исмайылдың орнына көктен қошқар түсіріп, сол қошқарды құрбандыққа шалуды бұйырады. Бұл оқиға «Саффат» сүресінде егжей-тегжейлі баяндалады. Мұның мәні – Алланың әміріне толық бойсұну мен Оған деген шексіз сенім мен құрмет. Ибраһим мен Исмайыл (ғ.с.) құрбандық арқылы бүкіл адамзатқа иман мен тақуалықтың үлгісін көрсетті.

Құрбан шалудың артықшылықтары туралы көптеген хадистер бар. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.у.):

«Құрбан айт күндері адам баласы үшін қан ағызудан (құрбан шалудан) артық сүйікті амал жоқ. Құрбандықтың қаны жерге тамбай тұрып Алла Тағаланың құзырында қабыл болады» – деген (Тирмизи).

Тағы бір хадисте:

«Қиямет күні құрбан шалынған мал өзінің мүйізімен, тұяғымен, жүнімен келіп, таразыға қойылады. Оның терісі де, әрбір қылшығы да сауап ретінде жазылады» (Ибн Мәжа).

Басқа бір риуаятта:

«Қиямет күні құрбандыққа шалынған мал – иесінің көлеңкесі болады» – делінген. Бұл құрбан шалудың рухани және ақыреттік пайдасы зор екенін білдіреді.

Құран Кәрімде Алла Тағала былай дейді:

«Олардың (құрбандықтардың) еті де, қаны да Аллаға жетпейді. Бірақ сендердің тақуалықтарың ғана Оған жетеді...» («Хаж» сүресі, 37-аят).

Шариғатта құрбан шалу – Әбу Ханифа мазһабы бойынша, мал-мүлікке иелік ететін, нисаб мөлшерінен асатын байлыққа ие болған мұсылманға уәжіп амал болып табылады. Нисаб мөлшері – 85 грамм алтынға тең. Яғни, кімде-кім өзінің негізгі қажеттерінен тыс осынша байлыққа ие болса, оған құрбан шалу – уәжіп. Бұл үкім тек белгілі бір адамға қатысты, яғни әрбір жан басына есептеледі. Әр отбасыдан бір құрбан шалынса жеткілікті деген сөз – шариғатқа сай келмейді. Егер отбасында бірнеше адам нисаб мөлшеріне ие болса, әрқайсысына құрбан шалу уәжіп.

Құрбандық ретінде тек төрт түлік малдан – қой, ешкі, сиыр, түйе шалынады. Қой мен ешкі – бір адамға, ал сиыр мен түйені жеті адам бірігіп шала алады. Кей адамдар айтып жүрген «шектік шалсақ, құрбан орнына жүреді» деген пікір қате. Шариғат бойынша құрбандық арнайы ниетпен шалынған, жас мөлшеріне (қой мен ешкі кемінде бір жаста, сиыр – екі жаста, түйе – бес жаста болуы керек), кемшілігі жоқ мал ғана есептеледі.

Биыл Құрбан айт 6, 7, 8 маусым күндеріне сәйкес келіп тұр. Құрбан шалу уақыты айт намазынан кейін басталады. Айт намазына дейін шалынған мал құрбан болып саналмайды. Мысалы, Астана қаласында айт намазы 6 маусым күні таңғы сағат 6:00-де оқылатын болса, құрбандық шалу сол уақыттан кейін ғана басталады және 8 маусым күнгі ақшам намазына дейін жалғасады. Бұл уақыттан кешігіп шалынған құрбандық нәпіл яғни қосымша амал болып табылады.

Құрбан айт – тек құлшылық пен құрбандық қана емес, сонымен қатар қуаныш пен мейірімге толы мереке. Бұл күндері мұсылмандар арасында бауырластық сезімі артып, адамдар бір-біріне жақсылық жасауға, жағдайы төмен отбасыларға көмектесуге, жетім-жесірдің көңілін көтеруге асығады. Әр шаңырақта мерекелік дастархан жайылып, қонақ күту, көрші-қолаңға ет тарату, алыстағы туған-туысқа сәлем айту – Құрбан айттың ерекше атмосферасын қалыптастырады. Балаларға тәтті таратылып, үлкендерге құрмет көрсетіледі. Бұл – отбасылық бірлікті, ұрпақтар сабақтастығын, рухани тазалық пен қоғамдағы өзара түсіністікті нығайтатын мейрам. Құрбан айт – жүректерге шаттық, жан дүниеге тыныштық сыйлайтын ұлық күн.